2026 жылғы 19 қарашада Ақмола облысы Әдебиет және өнер музейінің ұйымдастыруымен қазақтың көрнекті ағартушы-педагогі, ұлы ұстаз, жазушы Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығы аясында, оның рухани мұрасын насихаттау, жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру, көркем әдебиетке деген қызығушылығын арттыру мақсатында «Ұлт ұстазы – Ыбырай» атты көркем сөз оқу сайысы болып өтті. Сайысқа Көкшетау қаласы мектептерінің оқушылары қатысты.
Сайыс барысында қатысушылар ұлы ағартушының әңгімелері мен өлеңдерін мәнерлеп оқып, шығармалардың мазмұнын, көркемдік ерекшелігін және тәрбиелік мәнін көрерменге жеткізуге тырысты. Қатысушылар өздерінің сахна мәдениетін, дауыс мәнерін, әдеби шығарманы түсіну және көркем жеткізу шеберліктерін көрсете алды.
Сайыс қорытындысы бойынша қазылар алқасы үздік өнер көрсеткен қатысушыларды арнайы жүлделермен және дипломдармен марапаттады.
Жүлделі ІІІ орынды Тіржан Мерей мен Бақытжан Айару иеленсе, ІІ орынды Жұмабай Меруерт еншіледі. Сайыс жеңімпазы болып Көкшетау қаласы №1 мектептің оқушысы Қинаят Ерасыл танылды.
Мәдениет саласының ардагері Қаратай Төлекеев, ақын Қуаныш Оспан, Әдебиет және өнер музейінің аға ғылыми қызметкері Гүлзайра Сәбитовадан құралған қазылар қатысушыларға алғыс білдіріп, олардың шығармашылық ізденістеріне сәттілік тіледі.
Аталған мәдени-танымдық іс-шара ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің мол әдеби мұрасын насихаттауға, жас ұрпақтың кітап оқуға деген ынтасын арттыруға және ұлттық әдебиетке деген құрметін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болды.





