2026 жылдың 26 қарашасында Әдебиет және өнер музейінің ұйымдастыруымен қазақ әдебиеттану ғылымының көрнекті өкілі, әдебиет зерттеушісі, сыншы, ғалым Есмағамбет Ысмайыловтың туғанына 115 жыл толуына орай ғылыми-теориялық конференция өткізілді.
Конференцияның басты мақсаты – көрнекті ғалымның өмірі мен шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау, қазақ әдебиеттану ғылымының қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесін зерделеу, ғылыми еңбектерінің маңызын бүгінгі ұрпаққа таныту, жас зерттеушілердің ұлттық әдеби мұраға деген қызығушылығын арттыру.
Конференцияның ашылу рәсімінде сөз алған Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Нұрғиса Дәуешов ғылыми мәжілістің жұмысына сәттілік тілеп, музей ұжымына алғыс білдірді.
Конференцияға әдебиеттанушы ғалымдар, тарихшылар, музей қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері, оқытушылар мен студенттер қатысты.
Конференция барысында баяндама жасаған ф.ғ.к. Сәбит Жәмбек, т.ғ.к. Аманбай Сейітқасымов, ф.ғ.к. Аян Қажыбай, Жәнібек Бердімұрат сынды ғалымдар Есмағамбет Ысмайыловтың өмір жолы, ғылыми-зерттеу қызметі, әдеби сын саласындағы еңбектері мен қазақ әдебиетінің тарихын зерттеудегі орнына кеңінен тоқталды. Баяндамашылар өз сөздерінде Есмағамбет Ысмайыловтың қазақ әдебиеттану ғылымының дамуына сіңірген еңбегін атап, оның ғылыми мұрасының бүгінгі әдеби үдерістегі өзектілігін атап өтті.
Ғылыми жиында ғалымның қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармашылығын зерттеудегі ізденістері, әдебиет тарихын жүйелеуге қосқан үлесі, әдеби сын мен фольклортану саласындағы еңбектері талқыланды. Сонымен қатар оның ғылыми тұжырымдары мен зерттеушілік ұстанымдарының ұлттық әдебиеттану ғылымындағы маңызына ерекше назар аударылды.
Қорытындылай келе, Есмағамбет Ысмайыловтың 115 жылдығына арналған ғылыми-теориялық конференция жоғары деңгейде ұйымдастырылып, мазмұнды өтті. Бұл шара көрнекті ғалымның рухани мұрасын дәріптеуге, ұлттық әдебиеттану ғылымының құндылықтарын насихаттауға және жас ұрпақтың тарихи-әдеби танымын кеңейтуге бағытталған маңызды мәдени-ғылыми іс-шара болды.





