Иасауи хикметтерінің Көкшетау нұсқасы және оның аударылуы хақында
Қазақ Ұлттық Өнер
Универсиетiнiң
бас ғылыми қызметкерi,
ф.ғ. к., Иманғазы Нұрахметұлы
Түркiстаннан шыққан ортағасырлық оқымысты абыздар иiсi түрiк жұртына ортақ ұлылар санатында аталып жүр. Түркiстан абыздарының атасы саналатын ғұламаның бiрi — Қ.А. Иасауи. Ол — дiн қайраткерi, ойшыл ақын, сопылық поэзияның негiзiн салған, ортағасырлық түрiк поэзиясындағы аса iрi тұлға. Қазақ әдебиет тарихы үшiн Иасауидiң орны тiптi ерекше екенi айтпасақ та түсiнiктi. Қазақ жерiне сопылықтың таралып кең қанат жаюы Қ.А. Иасауи есiмiмен байланысты. Иасауидiң атын әлемге танытқан оның ақындық қасиетi. Ақын ретiнде мұсылман әлемiне ғана емес, дүниеге аты мәшһүр болды. Қ.А. Иасауидiң хикметтерi — сопылық бағыттағы теңдессiз көркем әдебиет үлгiсi болып қалды.
«Диуан хикмет» сөзi хикметер жинағы деген мағына бередi. Бұл диуанға кiрген өлеңдер екiнiң бiрiне түсiнiктi қарапайым өлеңдер емес, сопылықтың қасиеттi қағидалары туралы, құпия сырға толы дүниелер. Алланың бұйрығынсыз адам құмырысқаны да баспайды деп ұғатын сопы Қ.А. Иасауи өзiнiң өлеңдерiн Алладан келген аян деп бiлсе, оның еш сөкеттiгi жоқ. Шынында да солай. Д.Кенжетайдың: «Хикмет» сөзi (арабша) тiлдiк тұрғыдан алғанымызда «ақыл», «парасатты сөз», «дiн iлiмi», «ең шынайы iлiм арқылы ең шынайы болмысты (Тәңiрдi) тану» деген мағыналарды бiлдiредi… Сонымен қатар хикмет — Құранның мазмұны мен мәнi, яғни Құдайлық аянның өзегi болып табылады»[1] дегенi осыған меңзейдi. Алланы тану iлiмi деген тұрғыдан келсек те Хикметтердiң қасиеттi сөз, қасиеттi iлiм екенi айқындалып тұр.
Иасауи хикметтерiнiң әу баста қай тiлде, қандай әлiпбимен жазылғаны белгiсiз, десе де, түркi тiлiнде жазылған деуге негiз бар. Ертеректе Қ. А. Иасауи хикметтерiнiң бұзау терiсiне жазылған нұсқалары болған деген сөз бар. Ондай нұсқа табылып жатса, бiзге жұмбақ көп сырдың бетi ашылары даусыз. Иасауи хикметтерiнiң бiзге жеткен нұсқалары — ортағасырлық түрiк жазба тiлiнде (шағатай) жазылған көшiрме қолжазбалар. Осы шағатай тiлiндегi көшiрме қолжазбалардың өзi де көп емес. Қ.А. Иасауи хикметтерiнiң көшiрме қолжазбалары иiсi түрiк жұртының баға жетпес байлығы.
Қ.А. Иасауидiң хикметтерiнiң бiр көшiрме нұсқасы Көкшетаудағы «Әдебиет және өнер мұражайында» сақталыпты. Қолжазбаны мұражайға жергiлiктi тұрғындардың бiрi тапсырса керек.
Көшiрменiң қашан, қай жерде, кiмнiң қолымен жазылғаны туралы нақты дерек жоқ, бас-аяғы жыртылған, сақталуы аса жақсы емес, тым ескi қолжазба екенi белгiлi. Сыртқы бетiнде «Бекмұхаммет Ахметұлы» (Бекмағамбет болуы да мүмкiн) деген адамның аты жазылған. Соның аяқ жағында «иесi Молла Бекмұхамет» деген сөз бар. Бұл адам хикметтердi көшiрiп жазушы ма? Қолжазбаны сақтаушы ма? Ол жағы анық емес. Мұражай деректоры Нұрбек Нұралин: «Бұл қолжазбаны Көкшетауға Оңтүстiк жақтан Сарғалдаққожа деген кiсi әкелiп, Сарғалдаққожаның қызы Айғанымның қолында сақталған» болуы мүмкiн деген болжам айтады. Ондай болжам жасауға қолжазбаның Ғ.Мүсiрепов (Рузаевка) ауданынан табылғаны себеп болған сияқты. Мүсiрепов ауылында Абылай заманынан берi қожалар мекендеген екен. Бұхардан оқыған ғұлама Сарғалдаққожаның ұрпақтары кейiнге дейiн сонда болыпты. Сарғалдаққожаның өзi Қожа Ахмет Иасауидiң туған iнiсi Садыр шайхтың ұрпағы дейдi. Шоқанның әжесi Айғаным осы Сарғалдақ қожаның қызы екен.
Қ. А. Иасауи хикметтерiнiң Көкшетау нұсқасы қай ғасырда көшiрiлгенi белгiсiз. Сарғыш түстi қалың бұхар қағазына жазылғандығына қарап шамамен 16-17 ғасырларда көшiрiлген бе деген жорамал айтылған. Мұны ғылыми қорытынды деуге болмайтыны белгiлi.
«Диуан» — классикалық түркi тiлдес поэзияда қолжазба күйiнде келетiн жинақ. Бiр немесе бiрнеше автордың шығармаларын қамтиды. Диуандағы шығармалар жанр бойынша немесе алфавиттiк тәртiппен орналасады. Диуанға негiзiнен көлемi шағын көркем шығармалар кiрген»[2]. Бұдан «Диуан» Түркi әдебиетiндегi алғаш шыққан қолжазба жинақтарға берiлген атау екенiн көремiз. Дегенмен, хикмет болу үшiн ел бiле бермейтiн құпия сыр бар, басқаша айтқанда қасиеттi сөз болу керек сияқты. Диуан шығару iсi ортағасырлық түркiлерде күштi дамыған. Анадолы түрiктерi сол дәуiрдi «Диуан әдебиетi дәуiрi»[ 3] деп жеке қарастырады.
Бiздiң ойымызша, Қ.А. Иасауи хикметтерiнiң қолжазба көшiрмелерi қазақ елiнде көп болуға тиiстi. Ақынның өлеңдерi өзiнiң мекенiнде, туған елiнде кең таралғаны даусыз ғой. Қ.А. Иасауидiң күллi түрiк жұртына ортақ ұлы тұлға екенi оның қазақ жерiнен шыққанын да, қазақ ақыны екенiн де терiстемейдi. Қ.А. Иасауи хикметтерiнiң қазақ арасында кең таралғаны сонша, оны жатқа айтатын абыздар да болған. «Диуани хикметтiң қазақтар арасында ауызша таралуы басым болды», — деген Б. Қорғанбектiң пiкiрi аса орынды. Хикметтi жатқа айтушылар кеңес үкiметi орнаған кезден бастап азайған болу керек. Сол жатқа айтушылардың соңғы буыны бертiнге өмiр сүргенге ұқсайды. Абылай Түгелбаев ағамыз Қ.А. Иасауи хикметтерiн жатқа айтқан екен. Бiр қызығы Абылай ағамыздың Қ.А. Иасауи хикметтерiн жатқа айтатынына ешбiр зерттеушi назар аудармаған. Шындыққа құрметпен қарайтын болсақ, Қ. А Иасауи хикметтерiнiң ел iшiне алғашқы нұсқалары жазбаша емес, ауызша тарап, кейiн сол ауызша таралған нұсқалар хатқа түсiп жазбаша нұсқалары қалыптасқан. Көкшетау нұсқасы да сондай көшiрменiң бiрi болса керек.
Қолжазбаның бiрiншi бетiнде арабша бiр дұға жазылған екен, оны аудара алмадық.
«Иасауи хикметтерiнiң» құрылымына, жанрлық сипаты мен көркемдiк ерекшелiктерiне қатысты бiрқатар мәселелер түрен тимеген күйiнде қалып отыр»,- дейдi Айнұр Әбдiразақова. «Түрен тимеген күйiнде» деу сәл артық болар, дегенмен, бұл тақырыптың зерттелер тұсы көп екенi анық. Қазақ әдебиетiнiң тарихы ғана емес, сопылық iлiмдi зерттеушiлер үшiн де Иасауи хикметтерi мәңгiлiк тақырып. Сол зерттеудi қажет ететiн мәселенiң бiрi Хикметтердiң аударылу жайы. Аудармада әлi де бiр iзге түсе қоймаған мәселелердiң бар екенi даусыз.
Қ.А. Иасауи хикметтерi ХIХ ғасырдан бастап татар, түрiк тiлдерiне аударыла бастайды. Бүгiнде ол аудармалардың да көбi ескiрген, ел қолында жоқ. Ал Қ.А. Иасауи хикметтерiнiң қазақ, өзбек, ұйғыр, қырғыз тiлдерiне аударылуы ХХ ғасырдың еншiсiнде. 1993 жылы Қ.А. Иасауи хикметтерiнiң қазақ тiлiндегi ғылыми аудармасы жарық көрдi. М. Жармұхамедұлы, С. Дәуiтұлы, М. Шафиғи бiрлесiп аударған бұл аударма «1897 жылғы Стамбұл нұсқасы бойынша» [4], түрiк тiлiндегi аударма негiзiнде жасалған екен. 2000 жылы Тегеранның «Әл-Хұда» баспасынан шыққан Қуанышбек Қари мен Ғалия Қамбарбекқызының аудармасы «1893 жылы Қазан универсиетiнде жарық көрген Қ.А. Иасауи хикметтерiнiң татарша аудармасы» мен «1993 жылғы «Мұраттас» баспа орталығынан шыққан қазақша аудармасы» негiзiнде [5] аударылған делiнсе де, онда бұрынғы аудармаларда қалып қойған хикметтер толықтырылып аударылған көрiнедi. Тәуелсiздiктен кейiн Қ. А. Иасауи хикметтерiнiң бұдан басқада аудармалары жарық көрген.
Қ.А. Иасауи хикметтерiнiң Көкшетау нұсқасында 59 хикмет бар. Кейбiр хикметтер оқуға келмедi, кей жерiнiң қағаздары тесiлiп, әрiптер түсiп қалыпты. Сия жайылып кеткен, өшiп қалған тұстары да жетерлiк. Оқуға мүмкiн болған 56 хикметтi аударып шықтым. Оқылған хикметтердiң iшiнде де танылмаған, өшiп қалған сөздер бар. Өшiп қалған сөздердiң орнына көп нүкте (…) қойып, танылмаған жерлерiн ескертiп отырдым. Себебi, бұл қолжазбаның басқада нұсқалары табылуы, бұл нұсқада өшiп қалған, бұзылған әрiптер онда толық болуы ықтимал.
Бұл қолжазбада хикметтердiң бұрынғы аудармаларда кездеспейтiн шумақтар бар. Бұл тұрғыдан бұрыннан ғылымға белгiлi қолжазбаларды толықтай түсетiн еңбек деп бағалауымызға әбден болады. Бұрынғы басылымдарда аударылған хикметтердi салыстырып көргенiмде, олардың арасында едәуiр айырмашылық барын байқадым. Кейбiрiнiң iшiнара сөздерi ұқсамаса, кейбiрiнiң мәтiнiнде айырмашылық тiптi үлкен. Мысалы, «Ғарiфларда ғарiф болған ғарiфлар» деп басталатын хикмет бұрынғы аудармаларда 10 жолдан тұрса, «Көкшетау нұсқасында» 14 жол. Сегiзiншi жол бұрынғы аудармада: «Кiм мәңгiлiк оларда мiскiн ғарiфтар» деп келсе, Көкшетау нұсқасында: «Тәңiр бiлгей ғарiф болған ғарiфлар» [ 6], — деп келедi. «Көкшетау нұсқасындағы»:
Ғафiлдық қатты iсi — дұр, ей ғазизiм,
Өзiн бiлмес, көзi көрмес ғарiфлар
Ғарiфлықта ғарiф болған ғарiф -дұр,
Кiм олар сапыде мiскiн ғарiфлар [7]
деп келетiн бiр шумақ бұрынғы аудармаларда кездеспедi.
«Илаһим, хамедiңмен хикмет айтып» деп басталатын хикметтiң екiншi шумағы бұрынғы басылымдарда: «Қырық бiрiмде ықылас қылдым жол табам деп», — деп келсе, Көкшетау нұсқасында: «Қырық бiрiмде қызмет қылдым танып сенi»[8] делiнген. Екiншi шумақтың екiншi жолындағы «мен баяндап» деген сөз бұрынғы нұсқаларда: «мен табам деп» деп берiлген. Бұл арада «мен баяндап» деген сөздiң түпнұсқа болуы мүмкiн екенiн айта кеткен жөн.
Төртiншi шумақтағы бұрынғы аудармаларда кездесетiн «Шөл далада ғашық боп тентiредiм» деген тармақ Көкшетау нұсқасында жоқ.
Жетiншi шумақтың үшiншi тармағы бұрынғы аудармаларда: «Хақтан шабыт жолдас болып есiк ашты» десе, Көкшетау нұсқасында: «Хақ Аллам, рафих болып бабын ашты»[9], — дейдi. Хикметтердiң сөздерiнде осындай айырмашылықтар болғандықтан, өшiп кеткен сөздiң орнына бұрынғы хикметтердегi сөздердi қоймадым.
Әр хикметтiң аяғында сол хикметте кездесетiн түсiнiксiз сөздерге түсiнiк берiп отырдым. Кейбiр сөздер әр хикметте әр түрлi мағынада келетiндiктен қайталанып келген сөздерге де жаңа түсiнiктеме жазуға тура келдi.
Хикметтердi аударуда көркем аударма жасамай, ғылыми аударма жасауға тырыстым. Себебi ортағасырлық поэзияның өзiне тән поэтикасының бұзылмауын басты назарда ұстадым. Бүгiнгi оқырманның ұғымына шақтап мүлде көркем аударма жасалса хикметтердiң поэтикасын сақтау қиын. Мысалы, Әзiретi Әлiге байланысты айтылатын:
Қолындағы жарағы зұлбұқары,
Шабысқанда ұзарар қырық қары, — деген жолдар бар. Осы тұрған бетiнде «қары» дегеннен басқа түсiнiксiз бiр сөз жоқ. Бұрынғы аудармаларда «қырық қары» деген сөздi «қырық қыры » деп аударылған екен, бұл дұрыс емес деп ойлаймын. Қылышта қырық қыр болмайтыны өзiнен — өзi түсiнiктi жай. Қар қазақтың ұзындық өлшемi. Бiр қар — жарты құлашқа тең. Ауыз екi тiлде, өлең жолдарында бiр құлашты бiр қар деп айта бередi. Бұл жерде де бiр құлаш деген мағынада берiлген. Осын жолдарды
Қолындағы қаруы зұлбұқары,
Сiлтегенде ұзарар қырық құлаш, — деп аударсақ, ешқандай көркемдiк қасиет қалмас едi. Сондықтан бұл шумақты қолжазбада қалай болса солай қалдырып «қары» сөзiне түсiнiк бердiк. «Үш бу пәни жалғанда мендей күнаһар бар ма еш» деген жолды «Бұл пәни жалғанда мендей күнәһар бар ма екен» деп аударсаңыз өлеңнiң iшкi қуаты әлсiреп, қарабайыр сөзге айналып қалар едi. Қолжазбадағы
«Отыз үште сахи болып мәй тараттым,
Жам шарап қолға алып тоя iштiм», — деген жолды
Отыз үште жомарт болып шарап тараттым,
Қасиеттi шарапты қолға алып тоя iштiм, деп аударсақ қандай тұрпайы естiлер едi.
Қорыта келгенде Иасауи хикметтерiнiң Көкшетау нұсқасы қазақ iшiнде ауызша айтылып келген нұсқадан көшiрiлген болуы ықтимал. Қолжазба қай өңiрде көшiрiлсе сол өңiрдiң сөйлеу нормасына жақын болып келетiнi белгiлi. Хикметтердiң Көкшетау нұсқасында қазақтың ауыз екi сөз қолданыс дағдысы жиi ұшырасады. Мысалы, басқа нұсқаларда «Субхан ием» деген сөз бұл нұсқада: «субхан екем» деп келетiнi бар, Құдайды «Құдай екем» дей салу қазақта бар. Басқа нұсқаларда: «бiр — еу барым» деп келетiн жолдың «пәруар жарым» болып келгенi тегiн болмаса керек. Жоғарыда айтылған «қырық қары» дегендегi «қар» деген өлшемдi де қазақтар көп қолданады.
Көкшетаудан табылған қолжазба нұсқаны мен Иасауи хикметтерiнiң «Көкшетау нұсқасы» деп атауды ұсынамын. Себебi, бiрiншiден, мұндай үрдiс ғылымда бұрыннан бар. Қолжазбаны кiм көшiрiп алса, кiм оқып баспаға дайындаса сол адамның атымен аталатын дағды бар. Мысалы, «Қозы Қөрпеш — Баян Сұлу» жырының бiр нұсқасы А. Фролов нұсқасы деп аталған. А. Фролофтың ол нұсқаға қатысы ел аузынан көшiрiп алғаны ғана. В. Радлов нұсқасы деп В. Радлов көшiрiп алған нұсқаны айтып жүрмiз.
Көкшетаудан табылған қолжазбаның жөнi бөлек. Бұл нұсқа ғасырлар бойы Көкшетаудағы қазақтар арасында сақталып келдi. Мүмкiн Көкше қазақтарының арасында жатқа айтылған нұсқадан хатқа түскен болуы да ықтимал. Ең бастысы Көкше өңiрiндегi қалың қазақтың рухани дамуы үшiн қызмет еткен нұсқа.
Екiншiден, Иасауи хикметтерiнiң қазақ жерiнен табылған қолжзбалары көп емес. Бұл тұрғыдан, Семейде сақтаулы тұрған нұсқа (ол нұсқа да әлi ескерусiз жатыр — автор) мен Көкшетау нұсқасының маңызы зор. Онда сақталған хикметтердiң толық болмағанына, сақталуының нашарлығына қарамастан ғылым үшiн үлкен жаңалық. Бұл қолжазбаның Қазақстаннан табылуы үлкен тарихи мәнге ие. Иасауитану саласында мақтаныш етуге болатын құнды мұра. Одан қалса Иасауи хикметтерiнiң кез — келген көшiрмесi түрiк әлемi үшiн жаңалық. Осы тұрғыдан келгенде «Көкшетау нұсқасының» қазақ ғылымы үшiн ғана емес, түрiктану ғылымында алар орны ерекше.
Қолжазбаның сақталуы нашар, өте ескi болғандықтан қате оқылған сөздер болатыны хақ. Аудармасында да қателiктер болуы ықтимал. Қ.А. Иасауи хикметтерi мен оның аудармасы — ұзақ уақыттық зерттеудi талап ететiн мәңгiлiк тақырып. Сондықтан, бұл аудармада кеткен кемшiлiк қателiктер болса, кейiнгi басылымдарында ескерiледi.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Кенжетай Д. Қожа Ахмет Йасауи дүниетанымы. — Түркiстан: Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрiк университетi, 2004. — 341б.
2. Көпрүлү М.Ф. Ясауи танымы мен тағылымы (Ауд. К.Коч). — Шымкент, 1999. 167 б.
3. Banarli N.S. Resimli turk edebyati tarihi. — Istanbul: Devlet kitaplari, 1987. –322
4.Қожа Ахмет Йасауи. Хикмет жинақ. (Дайын. М.Жармұхамедұлы, М.Шафиғи, С.Дәуiтұлы). –Алматы: Жалын, 1998. 290 б.
5.Қ. А. Иасауи. Диуани хикмет. (Аударған Қуанышбек Қари, Ғалия Қамбарбек, Расул Исмаилзаде). — Тегеран: «Әл-Хұда» баспасы, 2000 ж
6.Қ. А. Иасауи хыикметтерi (Көкшетау нұсқасы қолжазба)
7.Сонда
8.Бұл да сонда
Бұл да сонда