2025 жылдың 11 маусымы күні Әдебиет және өнер музейінде «ИММЕРСИЯ ЦВЕТА И ЛИНИИ» көрмесінің ашылуы болып өтті. Әдебиет және өнер музейінің бастамасымен жүзеге асқан «ӘЙЕЛ ӘЛЕМІ» жобасы –әйел-суретшілердің шығармашылығын қолдауға және дамытуға, халықаралық Women Artist’s Art Week бастамасын жүзеге асыруға арналған платформа ретінде құрылған. Көрмеде ҚР Суретшілер одағының мүшелері Наталья Булгакова, Ирина Максимова, Татьяна Соловьёваның шығармалары қойылды.
2025 жылдың 3 маусымы күні Әдебиет және өнер музейінде «Біз бақытты баламыз» атты суретшілер сайысының марапаттау рәсімі өтті.
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні. Жыл сайын осы мерекені лайықты дәрежеде атап өту үшін Әдебиет және өнер музейі қала мектептері оқушыларының арасында суретшілер сайысын өткізіп келеді. Балаларды шығармашылыққа бейімдеу, олардың ерекше қабілетіне қолдау білдіру музей педагогикасындағы басым бағыттардың бірі. Сайыстың мақсаты да бүлдіршіндердің шығармашылығын насихаттау болып саналады. Сайыстың биылғы тақырыбы «Абай жырлаған төрт мезгіл» деп аталды. Оқушылар Абай Құнанбайұлы шығармаларындағы сөзбен суреттелген табиғат құбылыстарын бейнеледі.
18 мамыр – Халықаралық музейлер күні. Осы мерекені лайықты атап өту мақсатында Ақмола облысының Әдебиет және өнер музейі 2025 жылдың 16 мамырында «Ұлт жауһарын ұлықтайық» атауымен музей түні акциясын ұйымдастырды. Акцияның басты ерекшелігі қазақтың ұлттық киімін насихаттау болды.
2025 жылғы сәуірдің 24-інде Әдебиет және өнер музейінде этнограф-тарихшы, өлкетанушы, аудармашы-ғалым, қарт жауынгер Қарта Қаңтарбаевтың "Балуан Шолақ туралы әңгімелер" атты кітабының тұсаукесері болып өтті. Кітапты музей қызметкерлері баспаға дайындаған болатын. Кітапта әнші-композитор, балуан, алып күш иесі Нұрмағанбет (Балуан Шолақ) Баймырзаұлының өмірі туралы ел аузынан жазып алынған әңгімелер мен өлеңдер, сондай-ақ, Балуан Шолақтың қызы Бәтен жайындағы деректер жинақталған. Бұл еңбектің жарық көруіне Көкшетау-Энерго ЖШС бас директоры Досымхан Аралбаев демеушілік еткенін айта кеткен жөн.
2025 жылдың 17 сәуірі күні Әдебиет және өнер музейінде жазушы-драматург, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қалихан Ысқақтың 90 жылдығына арналған «Қоңыр қаздың үні бар қаламында» атты әдеби кеш болып өтті. Филология ғылымдарының кандидаты Сәбит Жәмбек студент жастарға Қ.Ысқақ шығармаларының ерекшелігі мен жазушылық шеберлігі жайлы баяндап, оқырман сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ, жазушының аудармашылық, сценаристік қырларына да тоқталды.
2025 жылдың 10 сәуірі күні Астана қаласындағы ҚР ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Әскери-тарихи музейінде "Ұлы Жеңіс: Ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі" атты көрменің ашылуы болып өтті. Бұл көрмені ҚР Суретшілер Академиясы қоғамдық қоры ұйымдастырды.