2024 жылдың 6 наурызында Әдебиет және өнер музейінде суретші Махаббат Рахметованың «Көктем шуағы» атты жеке көрмесінің ашылуы болып өтті. Іс-шара Халықаралық әйелдер күніне арнап өткізіліп отыр.
Биыл жерлес жазушы, публицист, қарт журналист Сарбас Ақтаев 90 жасқа толғалы отыр. Осы мерейтойға орай, 2024 жылдың 21 ақпаны күні музей қызметкерлері музей қорын толықтыру, ақпарат жинақтау, Сарбас Ақтаевтың еңбегі мен өмір жолы жайындағы деректерді өз аузынан жазып алу мақсатында қаламгердің шаңырағында қонақта болды.
2024 жылғы 7 ақпанда АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы елшісі Дэниел Розенблюм Әдебиет және өнер музейінде қонақта болды. Ақмола облысына арнайы жұмыс сапарымен келген дипломат өңірдің әдебиеті және өнерімен жақын танысу үшін арнайы ат басын бұрғанын атап өтті. Шетелдік мейман музей залдарын аса қызығушылықпен тамашалады. Өзін толғандырған сұрақтарға жауап алып, тарихи деректерге қанық болды.
2024 жылдың 7 ақпанында Әдебиет және өнер музейінде «Аrt-Жастар» көрмесінің ашылу рәсімі болып өтті. Бұл көрмеге Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжі студенттерінің шығармалары қойылды. Мәдениет колледжі мен Әдебиет және өнер музейі арасындағы екі жақты ынтымақтастық нәтижесінде жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан көрмеге отыз картина, төрт киім дизайны үлгісі қойылды.
Биыл Қазақстанның Халық жазушысы Сәкен Жүнісовтың туғанына 90 жыл толып отыр. Осы мерейтойды жоғары деңгейде атап өту, қаламгердің рухани мұрасына ғылыми тұрғыда зерттеу жасау, талдау, шығармашылығы мен өмір жолын көпшілікке насихаттау мақсатында Ақмола облысында ауқымды жобалар жоспарланған. Әдебиет және өнер музейі ұйымдастырған «Сексен көлдің серісі...» атты әдеби-сазды кеш сол іс-шаралардың басы іспеттес.
2024 жылдың 24 қаңтарында Әдебиет және өнер музейінде әнші-композитор, ақын Біржан сал Қожағұлұлының туғанына 190 жыл толуына орай «Баласы Қожағұлдың Біржан салмын...» атты әдеби-сазды кеш болып өтті.