2024 жылғы 7 ақпанда АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы елшісі Дэниел Розенблюм Әдебиет және өнер музейінде қонақта болды. Ақмола облысына арнайы жұмыс сапарымен келген дипломат өңірдің әдебиеті және өнерімен жақын танысу үшін арнайы ат басын бұрғанын атап өтті. Шетелдік мейман музей залдарын аса қызығушылықпен тамашалады. Өзін толғандырған сұрақтарға жауап алып, тарихи деректерге қанық болды.
2024 жылдың 7 ақпанында Әдебиет және өнер музейінде «Аrt-Жастар» көрмесінің ашылу рәсімі болып өтті. Бұл көрмеге Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжі студенттерінің шығармалары қойылды. Мәдениет колледжі мен Әдебиет және өнер музейі арасындағы екі жақты ынтымақтастық нәтижесінде жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан көрмеге отыз картина, төрт киім дизайны үлгісі қойылды.
Биыл Қазақстанның Халық жазушысы Сәкен Жүнісовтың туғанына 90 жыл толып отыр. Осы мерейтойды жоғары деңгейде атап өту, қаламгердің рухани мұрасына ғылыми тұрғыда зерттеу жасау, талдау, шығармашылығы мен өмір жолын көпшілікке насихаттау мақсатында Ақмола облысында ауқымды жобалар жоспарланған. Әдебиет және өнер музейі ұйымдастырған «Сексен көлдің серісі...» атты әдеби-сазды кеш сол іс-шаралардың басы іспеттес.
2024 жылдың 24 қаңтарында Әдебиет және өнер музейінде әнші-композитор, ақын Біржан сал Қожағұлұлының туғанына 190 жыл толуына орай «Баласы Қожағұлдың Біржан салмын...» атты әдеби-сазды кеш болып өтті.
2023 жылғы 13 желтоқсан күні Ақмола облыстық Әдебиет және өнер музейінде қала мектептері оқушылары арасында жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін қазақ әдебиеті мен тілі білімі ғылымының негізін қалаушы, Алаштың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынов атындағы «Алаштың ардақтысы – асыл Ахаң» атты мысал оқушылар сайысы мәресіне жетті. Биыл қала мектептерінен 50-ге жуық үміткер сайысқа қатысуға тілек білдірген еді. Олардың арасынан іріктеліп шыққан 10 жүйрік, байқаудың қорытынды кезеңіне жолдама алды. Бұл іс-шараның басты мақсаты: оқушыларды музейге тарту, Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығын насихаттау болатын.
2023 жылдың 7 желтоқсаны күні ҚР Ұлттық музейінде Материалдық емес мәдени мұра элементтерінің ұлттық тізбесін жүргізу жөніндегі секциялық отырыс болып өтті. Ақмола облыстық Әдебиет және өнер музейі аталған тізімге екі элемент ұсынып, көпшілікті "Сал-серілік дәстүрдің саңлақтары" көрмесімен таныстырды.